Ең көп өтінім АҚШ-тан жолданған
Астанада өтетін AI-фильмдер фестиваліне дайындық қызу жүріп жатыр. Оны ұйымдастыруға байланысты мәселелер Astana AI Film Festival қорының Қамқоршылық кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық фестиваль Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуетін әлемге танытып, елдің осы бағыттағы беделін арттыруға мүмкіндік береді.
Қамқоршылық кеңесінің отырысына кеңес мүшелері Қуанышбек Есекеев пен Раушан Қажыбаева, премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, UNI-Q Group медиахолдингінің төрағасы Мұхамедқали Тауан, сондай-ақ фестиваль ұйымдастырушылары Алмас Жали мен Айзатулла Хуссейн қатысты. Жиында халықаралық байқаудың бағдарламасы, фестивальді Astana Digital Bridge халықаралық форумы аясында өткізу және шетелден келетін қонақтарды қабылдау мәселелері қаралды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальге қатысуға әлемнің 90-нан астам елінен 1900-ден астам өтінім түскен. Ең көп өтінім АҚШ-тан – 17 пайыз, Үндістаннан – 10 пайыз, Қазақстаннан – 8 пайыз. Сондай-ақ Оңтүстік Корея мен Қытайдан – 5 пайыздан, Ұлыбританиядан – 4 пайыз, Ресей мен Гонконгтан 3 пайыздан өтінім жолданған.
Фестивальдің халықаралық қазылар алқасына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле, China Film Group компаниясының өкілі Ма Пин және Бейжің киноакадемиясының өкілі Ван Хао енді.
Отырыста Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытайдың жасанды интеллект арқылы кино жасау саласындағы ынтымақтастық форумының қорытындысы да сөз болды. Форум барысында Astana AI Film Festival қоры мен Beijing Zhongguancun Tongli Technology Service Co., Ltd. компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде қытайлық компания фестивальдің Қытайдағы ресми өкілі болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан өтінімдер жасанды интеллект көмегімен фильм түсіруге қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Қазір бұл технология фильм түсіру тәсілін ғана емес, кино өндірісінің бүкіл жұмыс жүйесін өзгертіп жатыр.
Astana AI Film Festival 1-3 қазан аралығында Астанада Astana AI Week аясында өтеді. Бағдарламаға жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын халықаралық AI-фильмдер байқауы, конференциялар, жаңа жобалардың таныстырылымы, көпшілікке арналған кино көрсетілімдері және әлемдік деңгейдегі мамандармен кездесулер енген.
Негізгі байқаудың тақырыбы – «The Future Worth Living In» («Өмір сүруге тұрарлық болашақ»). Бұдан бөлек, бес аталым бойынша ашық конкурс ұйымдастырылады. Байқауға өтінім қабылдау тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Биыл алғаш рет фестивальдің ресми бағдарламасына енген фильмдер Астанадағы Chaplin кинотеатрында үлкен экранда көрсетіледі. Ал іскерлік бағдарлама Digital Bridge форумы аясында өтіп, онда пленарлық және панельдік пікірталастар, шеберлік сабақтары мен тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылады. Оған жасанды интеллект пен кино саласының әлемге танымал сарапшылары қатысады.