Нұр-Сұлтанда COVID-19 жұқтырған науқастарды емдейтін тағы бір стационар жабылды

Автор: Azattyq Rýhy

Бір жарым айдың ішінде мұнда 1044 науқас емделді

Фото: astana.gov.kz

«Рамада Плаза» ғимаратында орналасқан жұқпалы аурулар стационары жабылды. Бұл жерден коронавирус инфекциясы және пневмониямен ауырған соңғы 20 науқас шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

№3 қалалық көпсалалы аурухананың терапевті Дәурен Молдажановтың айтуынша, 1 шілдеден бастап осы ауруханада COVID-19 ауруы бар 1 мыңға жуық науқас емделген.

«Бұл стационар өз міндетін толық орындады. Нұр-Сұлтан әкімдігі оттегі концентраторларын жеткізді. Науқастарды күту үшін барлық медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек болды. Бұл бізге жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік берді», – дейді Д.Молдажанов.

Зейнеткер Бибіжан Қаппарова көп адамдар сияқты аурудың алғашқы белгілері байқалғанда өз бетінше емделген. Бірақ көп ұзамай сырқатты медициналық көмексіз жеңе алмайтынын түсінген.

«Мен сегіз күн бойы үйде емделдім. Содан кейін ғана жедел жәрдем шақыруға шешім қабылдадым. Мені осы ауруханаға алып келіп, он күн емдеді. Дәрігерлеріме, барлық медицина қызметкерлеріне алғысым шаксіз. Өздеріне төнген қатерге қарамастан басқалардың өмірін сақтап қалғандарыңыз үшін рахмет! Бізде осындай жауапкершілікті, адам жанына араша болар жас мамандардың барына қуаныштымын!» – дейді Бибіжан апа.

Жалпы, қалада COVID-19-ға қарсы күреске 16 стационар жұмылдырылған.