155 млн теңге тапқан: БҚО-дағы заңсыз криптоайырбастау схемасы әшкереленді

Автор: Асыл Арман

Батыс Қазақстан облысында заңсыз криптовалюта айырбастаумен айналысқан тұрғынға қатысты іс аяқталды

Фото: istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында жергілікті тұрғынға қатысты резонансты іс бойынша сот талқылауы аяқталды. Ер адам миллиондаған теңге айналымы бар заңсыз криптовалюта айырбастау пунктін ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.

Батыс Қазақстан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, ол 2022 жылдың маусымынан 2025 жылдың шілдесіне дейін Binance биржасының P2P-платформасында USDT криптовалютасын жүйелі түрде сатып алып, сатып отырған. Алайда оның «Астана» халықаралық қаржы орталығының (AIFC) ресми лицензиясы болмаған. Заңсыз қызметтен ол 155,2 млн теңге табыс тапқан.

Тергеу барысында заңсыз криптоайырбастау пунктінің Imrat Group қаржы пирамидасымен тығыз байланыста болғаны анықталды. Пирамида ұйымдастырушылары салымшылардың ақшасын цифрлық активтерге айырбастау үшін сотталушының қызметін пайдаланған.

Орал тұрғыны арқылы қаржы пирамидасының бірнеше жәбірленушісінен алынған 82,5 млн теңгеден астам қаражат «жылыстатылған». Сатып алынған криптовалюта Imrat Group ұйымдастырушыларының әмияндарына аударылып отырған. Ал ер адам сатып алу мен сату бағасының айырмасынан пайда тапқан.

Сот Орал қаласының тұрғынын заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін кінәлі деп таныды. Алайда рақымшылыққа ілінуіне байланысты ол нақты жазадан босатылды.

«Қазақстанда қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау міндетті түрде лицензиялануға тиіс (ол үшін АХҚО немесе Қазақстан Ұлттық банкінің рұқсаты қажет). Лицензиясыз жүргізілген кез келген айырбастау операциясы қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Сондықтан қазақстандықтарға криптовалютамен мәмілелерді тек ресми платформалар арқылы жасау ұсынылады», – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті.