ЖСДП Астанада қалдықтарды бөлек жинау жобасын іске қосты

Автор: Асқарова Қарлығаш

Партия өкілдері қалдықтарды сұрыптау жүйесін дамыту экологиялық ахуалды жақсартып, қайта өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты

Фото: ЖСДП баспасөз қызметі

Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының  ұйымдастыруымен тұрғын үйді басқаратын ұйымдардың қатысуымен тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жобасы таныстырылды. Іс-шара «Бұқар Жырау» тұрғын үй кешенінде өтті,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоба тұрғындарды қалдықтарды сұрыптауға ынталандыруды, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды және қайта өңдеуден түсетін қаражатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстауға бағыттауды көздейді.

Құрылтай депутаттығына кандидат Талғат Тәтіков аулаларда қалдықтарды сұрыптау жүйесін дамыту экологиялық ахуалды жақсартып, қайта өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

«Аулаларға пластик, қағаз және картонды бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылып жатыр. Бұл тазалықты сақтауға әрі қалдықтарды тиімді қайта өңдеуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жиналған қалдықтар қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі, ал арнайы контейнерлер мен қалдық қабылдайтын автоматтарды орнату жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.