ЖСДП өкілі Роза Жүсіпова Павлодар облысында тұрғындармен кездесу өткізді
Павлодар облысының Аққулы ауылында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Құрылтай депутаттығына кандидат Роза Жүсіпованың қатысуымен тұрғындармен ашық форматтағы кездесу өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шара барысында кандидат партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, әлеуметтік әділеттілік, медициналық көмектің қолжетімділігі, ауылдық аумақтарды дамыту және еңбек адамдарының құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде айтты.
Кездесу кезінде Аққулы ауданының тұрғындары ауылдағы өзекті мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, жергілікті жолдардың жай-күйі, ауыз су сапасы, электрмен үздіксіз қамту, ауыл шаруашылығын қолдау, жайылым жерлерінің қолжетімділігі, жаңа жұмыс орындарын ашу және жастарды ауылда тұрақтандыру мәселелері талқыланды.
«Біз үшін партияның бағдарламасын таныстыру ғана емес, әрбір тұрғынның пікірін тыңдау маңызды. Тек ашық диалог арқылы қандай мәселелердің бірінші кезекте шешілуі қажет екенін анықтап, халықтың мүддесі мен тілегін шынайы көрсететін ұсыныстарды қалыптастыруға болады», – деді ЖСДП атынан ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидат Роза Жүсіпова.
Кездесу қорытындысында тұрғындар көтерген ұсыныстар мен өтініштер жинақталып, оларды алдағы жұмыста пайдалану жоспарланған.