Елордада екі азамат әкімшілік қамауға алынды
Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында алкоголь ішіп, жаңбырдан жиналған суды балаларға қарай шашқан екі ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде полиция қызметкерлері тұрғын үй кешенінің ауласында екі ер адамның алкогольдік ішімдік ішіп, жаңбырдан жиналған шалшықтың суын балаларға қарай теуіп шашып жатқан сәті түсірілген бейнежазбаны анықтады.
Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаға қатысушылардың жеке басы анықталды. Олар – 37 жастағы Алексей Свиридов пен 35 жастағы Владимир Логвин.
«Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін екі азамат та ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімімен Алексей Свиридовқа 25 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Ал Владимир Логвин 7 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды», – делінген ПД хабарламасында.
Полиция қоғамдық орындардағы мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескертеді. Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзатын кез келген құқыққа қайшы әрекетке заң аясында қатаң құқықтық баға беріледі.