«Ақ жол» партиясының өкілдері «Үркер-АШ» ұжымымен кездесті

Автор: Асыл Арман

Кездесуде өндіріс пен кәсіпкерлікке қатысты өзекті мәселелер талқыланды

Фото: «Ақ жол» партиясы/Видеодан скрин

Дания Еспаева бастаған «Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы сайлауалды науқан аясында «Үркер-АШ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызметкерлер партия өкілдерін жылы шыраймен қарсы алып, Дания Еспаеваға құрмет ретінде гүл шоғын табыстады.

Жиын барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өндіріс пен кәсіпкерлікке қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Әсіресе отандық өндірісті дамыту, өңдеуші кәсіпорындарды қолдау, салық саясатын жетілдіру, жаңа жұмыс орындарын ашу және шағын әрі орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қызметкерлердің сауалдарына жауап берген Дания Еспаева партияның басты мақсаттарына тоқталды. Ол өндірістің дамуына қолайлы орта қалыптастыру, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту, экономикаға инвестиция тарту және отандық өндірушілерге берілетін тапсырыстар көлемін ұлғайту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, білікті кадрлар даярлау мен кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады.