Астанада сәйгүлігіне мініп, қаланың ортасында серуендеп жүрген ер адам күтпеген жағдайға тап болды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Астанада ер адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды

Фото: Видеодан скрин

Астанада сәйгүлігіне мініп, қаланың ортасында серуендеп жүрген ер адам өзі күтпеген қиын жағдайға тап болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 35 жастағы ер адам елордадағы ойын-сауық орындарының біріне бейнеролик түсіру мақсатында атпен автомобиль жолымен және жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлармен жүріп, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірген.

Кейін «Бәйтерек» монументі маңына қарай бет алған кезде, жол қиылыстарының бірінде жылқы тротуарды ластап, жасыл желектерге зақым келтірген. Осылайша абаттандыру саласындағы заңнама талаптары бұзылған.

«Аталған екі құқық бұзушылық фактісі бойынша ер адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Астана қаласының Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға, айналасындағылардың құқықтарын құрметтеуге және жол қозғалысының басқа қатысушылары мен жаяу жүргіншілерге қолайсыздық немесе қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады», – делінген ПД хабарламасында.

Тегтер: