Азық-түлік қауіпсіздігі мол өнім алумен ғана өлшенбейді – «Ауыл» партиясы

Автор: Асқарова Қарлығаш

Партия Нұра ауданында агроөнеркәсіп пен ауыл инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады

Фото: видеодан скриншот

«Ауыл» партиясының өкілдері Қарағанды облысы Нұра ауданының Шахтер ауылында болып, ауыл тұрғындарымен және шаруашылық ұжымымен пікір алмасты. Сондай-ақ егістік алқаптары, суару жүйелері және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында ауылдағы жұмыспен қамту, инфрақұрылымды дамыту, заманауи агротехнологияларды енгізу және жастардың ауылда еңбек етуіне жағдай жасау мәселелері сөз болды. Қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

«Азық-түлік қауіпсіздігі мол өнім алумен ғана өлшенбейді. Өнімді дұрыс сақтау, өңдеу, нарыққа тиімді шығару және тұтынушыға қолжетімді бағамен жеткізу – бір-бірімен тығыз байланысты міндеттер. Бұл тізбек толық жұмыс істегенде ғана елдің азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды», – деді «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов.

Кездесу соңында ауыл шаруашылығын дамыту, суару жүйелерін жетілдіру және ауылдық аумақтарды қолдауға қатысты ұсыныстар талқыланды.