«Несиесіз, ипотекасыз өмір»: Астанада шалшық суға шомылған ер адамдар жауапқа тартылды

Автор: Асыл Арман

Олардың ісі әкімшілік сотқа жіберілді

Фото: Видеодан скрин

Астанада жаңбыр суына шомылған ер адамдар полиция тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Видеода екі ер адамның жаңбырдан жиналған шалшық суда жатқанын, ал үшінші адамның қолына сыра ұстап, оларды сырттай бақылап тұрғанын көруге болады. Жарияланым авторлары бейнероликке «Несиесіз, ипотекасыз және жалдамалы пәтерсіз өмір» деген мысқыл сипатындағы жазба қалдырған. Бұл видео полицияның назарын аударған.

Сарыарқа аудандық Полиция басқармасының мәліметінше, тексеру нәтижесінде оқиғаның мән-жайы анықталған.

«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізді. Нәтижесінде тұрғын үй ауласында мас күйде болған екі ер адамның жаңбыр суын аулада ойнап жүрген балаларға шашқаны анықталды. Аталған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс сотта қаралғанға дейін уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Материалдар Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотына жолданды», – деп хабарлады полиция.

Енді ер адамдарға қандай жаза қолданылатынын сот шешеді.