Түркістандағы Мәдениет сарайында Respublica партиясы жақтастарының форумы өтті

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар өз ойларын ортаға салды

Фото: Respublica партиясының баспасөз қызметі

Жиында партия жетекшілері мен белсенділері сайлаушылармен кездесіп, соңғы үш жарым жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Форумды партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров ашып, партияның нақты жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, Respublica бастамасымен құмар ойындар мен онлайн-казинолардың жарнамасына шектеу қойылып, вейптерге толық тыйым салынды. Бұл бастаманы Нұргүл Тау жүйелі түрде көтерді. Сондай-ақ Олжас Құспековтің бастамасымен «Шақпақ баба» тоннелі салынды, жолдарда орташа жылдамдық жүйесі енгізілді. Бұл жол-көлік оқиғаларынан болатын адам шығынын азайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Екатерина Смолякованың айтуынша, араға 30 жыл салып ымдау тіліне ресми мәртебе беру туралы заң қабылданып, бүгінде 32 мың есту қабілеті бұзылған азамат өз құқықтарын толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Кәсіпкерлікті қорғау мәселесіне тоқталған Айдарбек Қожаназаров нақты мысал келтірді.

«Оралдағы "Кублей" зауыты жылына 7 миллионнан астам консерві өнімін шығарады, оның бір бөлігі экспортқа жөнелтіледі. Қате қабылданған талаптардың салдарынан кәсіпорын жабылудың алдында тұрды. Біз зауытты да, ондағы 700 жұмыс орнын да сақтап қалдық. Семейде, Астанада және Қарағандыда тағы бес өндіріс орнын қорғадық. Өйткені кәсіпкерді қорғау – жұмыс орнын, салықты және ел экономикасын қорғау деген сөз», – деді партия төрағасы.

Ол сондай-ақ әрбір азаматтың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау мемлекеттің басты міндеті екенін айтты.

«Біз сіздерден бөлек адамдар емеспіз. Артымызда олигархтар да, ықпалды туыстар да жоқ. Мен өзім Шиелінің тумасымын, ауылда өстім. Қазақта "Әуелі өзіңді түзеп ал, кейін айналаңа пайдаңды тигіз, одан кейін еліңе қызмет ет" деген ұғым бар. Біз осы қағиданы ұстанамыз», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Құрылтай депутаттығына кандидат Нұргүл Тау партия фракциясының заң шығару қызметінің нәтижелерін қорытындылады.

Нұргүл Тау сондай-ақ партия мүшелерінің нақты бастамаларына тоқталды. Айдарбек Қожаназаров исламдық қаржыландыру жүйесін дамытуға, Динара Наумова мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған құрылыс талаптарын жетілдіруге, Олжас Құспеков мерзімді әскери қызметін өтеген жастарға мемлекеттік грантпен білім алу және жатақханада тегін тұру мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан енгізуге үлес қосқанын атап өтті.

Форум соңында Жалынбек Жайнарбай мен Екатерина Смолякова сөз сөйлеп, түркістандықтарды 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырды.