Димаш Құдайберген жаңа «DiMENSIONS» әлемдік туры жайлы жария етті

Автор: Асқарова Қарлығаш

Бұл туралы әншінің ресми сайтында хабарланды

Фото: dimashnews.com

Жаңа концерттік жоба Димашты тек ерекше дауыс иесі ретінде ғана емес, оның шығармашылығы мен өмірлік ұстанымын, ішкі жан дүниесін жан-жақты танытуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «DiMENSIONS» – уақыт пен кеңістікке саяхат туралы жоба емес. Концерт барысында көрермен әншінің композитор, продюсер және орындаушы ретіндегі көпқырлы болмысымен қатар, сахна сыртындағы шынайы бейнесін де жақынырақ тани алады.

Бағдарламада Димаштың өмір жолы, ұлттық құндылықтарға деген құрметі, шығармашылық ізденісі, өмірлік тәжірибесі мен жаңа белестерге ұмтылысы музыка, эмоция және маңызды естеліктер арқылы көрініс табады.

Жоба авторларының айтуынша, әлем жұртшылығы Димашты ең алдымен ерекше дауысымен таныса, бұл концерт сол дауыстың ар жағындағы тұлғаны ашуға мүмкіндік береді. Сахнадағы әрбір қойылым әншінің ішкі әлемін біртіндеп ашып, оның Отанына деген сүйіспеншілігі, өмірлік қағидаттары мен шынайы болмысын тұтас оқиға ретінде көрерменге ұсынбақ.