Астанада түнгі тыныштықты бұзған BMW жүргізушілері 10 тәулікке қамалды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Көліктер арнайы коммуналдық тұраққа қойылды

Фото: видеодан скриншот

Елордада түн ішінде көшелерде жарыса жүйткіп, көліктерінен қатты дыбыс шығарып, тұрғындардың мазасын алған екі BMW жүргізушісі жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияның мәліметінше, 20 жастағы екі жігіт түнгі уақытта жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзып, көшелерде қауіпті маневрлер жасаған. Сондай-ақ олардың бірі көлігінің дыбыс бәсеңдеткіш жүйесіне заңсыз өзгеріс енгізген. Соның салдарынан автокөлік қалыптан тыс қатты дыбыс шығарып, қала тұрғындарының тыныштығын бұзған.

Тәртіп сақшылары құқық бұзушыларды тоқтатып, оларға көлік құралының құрылымына заңсыз өзгеріс енгізу және жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактілері бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Көліктер арнайы коммуналдық тұраққа қойылды.

Бұдан бөлек, қоғамдық тыныштықты бұзғаны үшін екі жүргізушіге ұсақ бұзақылық бабы бойынша да жауапкершілік жүктелді. Сот шешімімен олардың әрқайсысы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

«Қазақстан заңнамасына сәйкес көлік құралын заңсыз қайта жабдықтауға жол берілмейді. Әсіресе түнгі уақытта әдейі шу шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын мұндай әрекеттерге мүлде төзімділік танытылмайды. Жүргізушілерді өзгелердің тыныштығын құрметтеуге, Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», – деп мәлімдеді полиция.