Қазақстан мектептерінде ЖИ-ге арналған жаңа оқу бағдарламасы енгізіледі

Автор: Асыл Арман

Мектеп пәндерінің мазмұны жасанды интеллект бағытында жаңартылып жатыр

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Қазақстанда мектеп пәндерінің мазмұны жасанды интеллект бағытында жаңартылып жатыр. Жаңартылған бағдарламаларға 43 жаңа оқу мақсаты енгізіліп, бастауыш сыныптағы «Цифрлық сауаттылық» пен жоғары сыныптардағы «Информатика» пәндерінің атауы өзгертілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, технологиялардың қарқынды дамуы, еңбек нарығы талаптарының өзгеруі және жасанды интеллектінің өмірдің барлық саласына кеңінен енуіне байланысты білім беру мазмұнын жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр.

Бұл жұмыс мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Республикалық педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес қолға алынып, сол жылдың қыркүйегінен бастап кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Кейін бұл бағыттағы жұмыстың құқықтық негізі нығайтылды. 2025 жылғы қарашада «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, ал 2026 жылғы мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Президент Жарлығы қабылданды.

«Осы құжаттарды іске асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылды. 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәнінің атауы «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілді. Бұл тек пән атауларының өзгеруі емес. Жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты пәндердің мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер мен барлығы 43 оқу мақсаты енгізілді. Бүгінде оқушылар жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде қолданып жүр. Ендігі міндет – оларды бұл технологияны жай ғана пайдалануға емес, саналы, тиімді және жауапты қолдануға үйрету», – делінген министрлік хабарламасында.

  • 1-4-сынып оқушылары «Медиасауаттылық және ЖИ» бөлімі аясындағы 17 оқу мақсаты бойынша жасанды интеллектімен күнделікті өмірден алынған қарапайым мысалдар арқылы танысады. Олар цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін меңгереді.
  • 5-9-сынып оқушылары «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және ЖИ» бөлімдері аясындағы 14 оқу мақсаты бойынша жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді қолдануды, сауатты сұраныстар құрастыруды, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауды үйренеді.
  • 10-11-сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі аясындағы 12 оқу мақсаты бойынша жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттарын түсінуге және оны практикада қолдануға басымдық беріледі. Оқу мазмұнына машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.

«Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алды. Қазіргі уақытта олар белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында. Сонымен қатар педагогтер үшін білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді және қауіпсіз қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр», – деп жазады ведомство.