Заңсыз қаржы аудару дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Маңғыстау облысында жеке сот орындаушысы арнайы есепшоттан 3 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз түрде жақын туыстарының банк карталарына аударған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қадағалау органының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының прокуратурасы жеке сот орындаушыларының өндірісіндегі атқарушылық құжаттардың заңдылық талаптарына сай орындалуын тексеріп жатыр.
Тексеру барысында жеке сот орындаушыларының бірі борышкерлер мен өндіріп алушыларға аударуға арналған арнайы есепшоттан 3 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз түрде үшінші тұлғалардың банк шоттарына аударғаны анықталған. Кейін олардың сот орындаушысының жақын туыстары екені белгілі болған.
Аталған дерек бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 251-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Қадағалау органының мәліметінше, жеке сот орындаушыларының қызметіне, оның ішінде атқарушылық құжаттардың уақытылы әрі заңды орындалуына қатысты тексеру жалғасуда.