Қаланың коммуналдық және апаттық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Қолайсыз ауа райының салдарынан Өскеменнің бірнеше ауданында электр энергиясы уақытша өшіп, қатты жел ағаштарды құлатса, нөсер жауыннан кейін бірқатар көшені су басты. Қазір коммуналдық және апаттық қызметтер күшейтілген режимде қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Yk.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, қатты желдің салдарынан ағаштар құлаған, ал нөсер жауыннан кейін қаланың кейбір көшелерін су басты.
Қазіргі уақытта Ахмерово кентінде, 19-шағынауданда, Әуежай ауданында, Шмелев Лог ауданында және «Болашақ» шағынауданында электр энергиясы уақытша өшкен.
Қаланың коммуналдық және апаттық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Құлаған ағаштарды тазалау, су басқан аумақтардан суды сору және электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде.
Қала әкімдігі тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, ауа райы тұрақталғанға дейін мүмкіндігінше сыртқа шықпауға, сондай-ақ ағаштар мен электр беру желілерінің маңында жүрмеуге шақырды.