Атыраудың бас жоспарына өзгерістер енгізіледі: қала аумағы 2040 жылға қарай ұлғаяды

Автор: Асыл Арман

Атырау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің халқы 2040 жылға қарай қазіргі 431 мыңнан 600 мың адамға дейін өседі

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен өткен кеңесте қаланың бас жоспарына енгізілетін өзгерістер талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мой город» басылымының мәліметіне сүйенсек, «Қазгипроград» директоры Ілияс Темірбаевтың айтуынша, 2040 жылға қарай Атырау қаласы мен оған іргелес елді мекендердің халқы қазіргі 431 мыңнан 600 мың адамға дейін өседі. Жаңа тұрғын үй құрылысының негізгі бөлігі қаланың солтүстік бөлігінде жүзеге асырылады.

«Қала құрамына Еркінқала, Тасқала, Жаңаталап, Қызыл Балық, Құрманғазы, Амангелді, Дамбы және Бесікті ауылдары ресми түрде енгізіледі. Сонымен қатар Бас жоспар жобасы қала құрылысына қойылатын шектеулердің сақталуын көздейді. Осыған байланысты су басу қаупі бар аумақтарда, санитариялық-қорғау аймақтарында, сондай-ақ электр беру желілері мен магистральдық мұнай құбырларының күзет аймақтарында орналасқан нысандар кезең-кезеңімен мемлекет мұқтажы үшін алынып, сүріледі», – деді Ілияс Темірбаев.

Атырауды дамыту кезінде су тасқыны қаупі міндетті түрде ескеріледі. Бұдан бөлек, қала билігі жаңа зират салуға арналған аумақ мәселесін де шешіп жатыр.

Жаңа зиратты қала сыртынан ашу жоспарланған. Ол үшін көлемі 105 гектар болатын жер телімі белгіленген.

Сондай-ақ Атырауда 12 жолайрық салу және негізгі көшелердің жалпы ұзындығын қазіргі 264 шақырымнан шамамен 700 шақырымға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Келесі жылы тұрғын аудандар арқылы өтетін транзиттік көліктердің қозғалысын азайту үшін Солтүстік айналма жолдың құрылысы аяқталмақ.

Жаңа бас жоспар түпкілікті бекітілгенге дейін облыс әкімі болашақта жолдар, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар салынатын жерлерде, сондай-ақ қорғаныш және күзет аймақтарында құрылысқа жер телімдерін беруді уақытша тоқтатуды тапсырды.