Әзірге «8 озер» демалыс аймағының әкімшілігі бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ
Әлеуметтік желіде Алматыдағы «8 озер» демалыс аймағына барған адамның жазбасы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, бассейнде адамның нәжісі қалқып жүрген. Қызметкерлер оны судан алып шыққанымен, бассейнді тазаламастан ары қарай түсе беруге рұқсат берген.
«Бүгін «8 озер» демалыс орнында болдық. Бассейнде адамның үлкен нәжісі қалқып жүрді. Оны өз көзіммен көрдім. Бір түнге коттедж үшін 75 мың теңге, келесі күні екі адамға бассейнге кіру үшін 30 мың теңге төледік. Сөйтсек, нәжіспен бірге шомылыппыз. Кейін оны жай ғана сүзіп алып тастады да, ары қарай суға түсе берді. Иісі өте жағымсыз болды. Кейін оның жанында шомылғанымды ойлап та, жағымсыз иістен де қатты жүрегім айныды», – деп жазды ол Threads әлеуметтік желісінде.
Пікір білдірушілердің пікірі екіге жарылды. Бірі мұндай жағдайға кішкентай балалары бар ата-аналардың салғырттығы себеп болуы мүмкін екенін айтты.
«Сірә, бұл кішкентай баладан болған шығар. Мұны аса қорқынышты жағдай деп санамаймын. Бірақ ата-анасы бірден әрекет етуі керек еді. Қызметкерлер де жарты сағат күтпей, тиісті шараларды дереу қабылдағаны жөн болатын. Нәжісті судан алып шыққаннан басқа ештеңе істелмеді», – деп жазды жазба авторы.
Кейбір қолданушылар мұндай жағдайдың алдын алу үшін сәбилерге арналған арнайы суға түсетін жаялықтар мен жүзу киімдерін пайдалану қажет екенін еске салды.
Ал енді бірі шетелдік тәжірибені мысалға келтірді.
«Түркияда балалар бассейнінде де осындай жағдай болған. Сол кезде бассейнді толықтай бір тәулікке жауып тастаған», – деп жазылған пікірлердің бірінде.
Сондай-ақ желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай жағдайда жауапкершілік тек келушілерге ғана емес, демалыс орнының әкімшілігіне де жүктелетінін айтты. Олардың пікірінше, санитарлық талаптарға сай бассейн уақытша жабылып, толық залалсыздандырылуы тиіс.
Әзірге «8 озер» демалыс аймағының әкімшілігі бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.