«Әділет» партиясы ауыл шаруашылығы, көлік және инклюзивті қоғамды дамыту бастамаларын өңірлерде таныстырды

Автор: Azattyq Rýhy

Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында партия өкілдері фермерлермен, көлік саласының қызметкерлерімен және мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаның басымдықтарын талқылады.

Фото: партияның баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды штабтары Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау аясында үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Кездесулер барысында ауылды дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысының Сандықтау ауданында «Әділет» партиясының өкілдері «Белуха» шаруа қожалығының еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуде партияның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, фермерлерді мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға және еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған бастамалары таныстырылды.

Құрылтай депутаттығына кандидат Берген Беспалинов ауыл еңбеккерлерімен ашық пікір алмасудың маңызын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы — еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының маңызды тірегі. Сондықтан, біз үшін ауыл еңбеккерлерінің пікірін тыңдау, олардың күнделікті жұмысында кездесетін мәселелерді жан-жақты зерделеу және нақты шешімдер ұсыну — басты міндеттердің бірі. «Әділет» партиясы фермерлердің еңбегі лайықты бағаланып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсаратын әділетті қоғам құру жолында жүйелі жұмыс жүргізуді мақсат етеді. Халықпен ашық диалог қана тиімді шешімдердің негізі бола алады», — деді өз сөзінде Құрылтайға үміткер Берген Беспалинов.

Кездесу барысында шаруашылық қызметкерлері өндірісті жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, ауыл жастарын жұмыспен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша ұсыныстарын айтты.

Шығыс Қазақстан облысында облыстық сайлауалды штабтың төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Жанат Мекеева «Досжан Темір Жолы» ЖШС ұжымымен кездесіп, партияның көлік саласын дамытуға қатысты бастамаларын таныстырды.

Бағдарламада жолаушылар вагондары мен пойыздарын жаңарту, BRT бағыттарын дамыту, жаңа көлік-логистикалық тораптар құру, бірыңғай билет жүйесін енгізу, сондай-ақ шағын қалалар мен моноқалалардағы автобус парктерін жаңарту көзделген.

«Көлік инфрақұрылымы — бұл тек жолдар, пойыздар мен автобустар ғана емес. Бұл — адамдардың күнделікті жайлылығы, жұмыс орындарына, білім мен медициналық қызметтерге қолжетімділігі, сондай-ақ өңірлер экономикасының дамуы. Сондықтан «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында жолаушылар пойыздарын жаңарту, қоғамдық көлікті дамыту және ірі қалалармен қатар шағын елді мекендердің де көлік қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Заманауи көлік шешімдері Қазақстанның әрбір тұрғынының игілігіне қызмет етуі тиіс деп есептейміз, — деді Жанат Мекеева.

Сондай-ақ партия өкілдері Шығыс Қазақстандағы трамвай паркінің ұжымымен кездесіп, қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру, метро құрылысы, BRT желілерін кеңейту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту мәселелерін талқылады.

Қалалық штаб мүшесі Александр Светаш партия бағдарламасының кәсіпкерлікті дамыту мен экономиканы технологиялық жаңғыртуға бағытталғанын айтты.

«Біздің партия адал бәсекеге, жеке меншікті қорғауға және кәсіпкерлік бастаманы қолдауға негізделген экономиканы дамытуға бағыт ұстанады. Сайлауалды бағдарламада экономиканың дәстүрлі салаларын, соның ішінде энергетика, металлургия, көлік және агроөнеркәсіп кешенін технологиялық жаңғырту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау көзделген. Әкімшілік кедергілерді азайтуға, болжамды салық жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ өңірлердің тұрақты дамуының маңызды факторларының бірі ретінде отбасылық және жастар кәсіпкерлігін қолдауға ерекше назар аударылған», — деді қалалық штаб мүшесі Александр Светаш.

Ал Жетісу облысында партия өкілдері Талдықорған қалалық жағажайында мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесу өткізіп, инклюзивті қоғам құруға бағытталған бастамаларды таныстырды.

Құрылтай депутаттығына үміткер Елдос Баялышбаевтың айтуынша, партия мүгедектігі бар азаматтардың білім алуға, еңбек етуге, еркін жүріп-тұруға және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуді көздейді.

«Әділет» партиясын мүгедектікті сырттай, проактив тәсілмен белгілеу тәжірибесін кеңейтеді. Соның арқасында азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелеріне бармай-ақ қызмет ала алады. Қаражат адамға ілесіп жүреді деген қағидатпен мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар әлеуметтік, білім беру және оңалту қызметтерін көрсететін ұйымды өздері таңдай алатындай жеке әлеуметтік ваучерлер енгізіледі. Мүгедектігі бар азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуіндегі коммуникациялық және цифрлық кедергілер жойылады», — Елдос Баялышбаев.

Кездесулер соңында қатысушыларға партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, 23 тамыз күні өтетін дауыс беруге қатысуға шақырылды.