Қазақстанның танымал кинорежиссері Ардақ Әмірқұлов өмірден өтті

Автор: Асыл Арман

Режиссердің «Отырардың күйреуі», «Абай» және «Қош бол, Гүлсары!» фильмдері қазақ киносының алтын қорына енген

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мәдениет және ақпарат министрлігі танымал отандық кинорежиссер Ардақ Әмірқұловтың өмірден өткенін хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ведомство режиссердің туған-туыстары мен жақындарына, достарына көңіл айтып, оның ұлттық кинематографияның дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

«Ұлттық кинематографияның дамуына бар ғұмырын арнаған Ардақ Жамансарыұлы қазақ кино өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Ол талантты режиссер, білікті ұстаз әрі тәлімгер ретінде кинематографистердің бірнеше буынын тәрбиелеуге еңбек сіңірді», – делінген министрлік хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, режиссердің «Отырардың күйреуі», «Абай» және «Қош бол, Гүлсары!» фильмдері қазақ киносының алтын қорына енген.

Сондай-ақ Ардақ Әмірқұловтың шығармашылығы ел тарихын, халықтың рухани құндылықтарын және адам тағдырын терең пайымдауымен ерекшеленетіні атап өтілді. Оның еңбектері көрермендердің де, кәсіби қауымдастықтың да жоғары бағасына ие болды.

Ведомство режиссердің жарқын бейнесі, өнегелі ғұмыры және қазақ мәдениеті мен кино өнерінің дамуына қосқан қомақты үлесі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.