Қосшыда жылу желілерін жаңғырту мәселесі көтерілді
Қазақстан Халық партиясының кандидаттары Ақмола облысының Қосшы қаласындағы орталық қазандықтың жұмысын өз көздерімен көріп қайтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бес жыл бұрын ғана шағын ауыл болып тұрған Қосшы бүгінде халқы 100 мыңнан асқан ірі қалаға айналды.
Табиғи түрде бұл қарқынды өсім коммуналдық жүйеге, әсіресе жылу қазандығына салмақ түсіріп отыр. Осы орайда Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Болат Смағұлов, Дамир Дигай және Лейла Күленова қаланың басты күретамыры – орталық қазандыққа арнайы барып, еңбек ұжымымен кездесті.
Кандидаттар кәсіпорынның жұмысымен танысып, қазандықтың қуатын арттыру, тозған магистральдық желілерді жөндеу және сала қызметкерлерінің еңбек жағдайын талқылады.
Кездесу барысында кәсіпорын өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды, сондай-ақ жылумен қамту және коммуналдық қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарын білдірді.
Бүгінде қаладағы жүктемені ескеріп, қазандыққа қосымша 20 Гкал қуат қосу және жылу қорын қалыптастыру жұмыстары кезек күттірмейтін міндетке айналып отыр.