Нью-Йорктегі Бруклин көпіріне Қазақстан туын іліп, суға секіріп кеткен ер адамның кім екені анықталды (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол ауруханаға жеткізілді

Фото: видеодан скриншот

Нью-Йорк полициясы жексенбі күні Бруклин көпірінен жалаңаш секіріп, аман қалған ер адамның аты-жөнін анықтады. Ол 44 жастағы Қазақстан тумасы Ғалымжан Абайылдаев болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

The New York Post басылымының мәліметінше, куәгерлер оның Манхэттен тарапынан көпірдің солтүстік мұнарасына көтеріліп бара жатқанын таспаға түсіріп алған. Кейін ол киімін шешіп, шамамен 85 метр биіктіктен өзенге секірген. Куәгерлер түсірген видеода адамдардың шошына айқайлаған дауыстары естіледі. Секіру сәтінде Абайылдаев жоғары жағына сөмке немесе киім ұстап, оны қолдан жасалған парашют ретінде пайдалануға тырысқандай көрінеді.

Секірер алдында ол көпірдің төбесіне бірнеше ту, соның ішінде Қазақстан туын орнатып кеткен.

Парашютсіз суға құлаған Абайылдаевты Нью-Йорк су полициясының қызметкерлері жедел түрде шығарып, ауруханаға жеткізді. Мұндай үлкен биіктіктен құлағанына қарамастан, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Оның пәтерлесі Джош Карадагтың айтуынша, Абайылдаев саясатқа қатты қызығушылық танытып, Қазақстандағы жағдай туралы жиі ашық пікір білдіріп жүрген.

Айта кетейік, осыған дейін Нью-Йорктегі Бруклин көпірінің ең биік тұсынан 44 жастағы жалаңаш ер адам секіріп, аман қалғаны хабарланған.