Солтүстік Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында инфрақұрылым, еңбек құқықтары, энергетика және өңірлердің өзекті мәселелері талқыланды
«Әділет» партиясының өкілдері Солтүстік Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында тұрғындармен, кәсіподақ мүшелерімен және еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесу өткізді. Кездесулерде жол, ауыз су, еңбек құқықтары, энергетика, кәсіпкерлікті қолдау және өңірлерді дамыту мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әділет» партиясының өкілдері сайлауалды науқан аясында Қазақстанның төрт өңірінде тұрғындармен және түрлі ұйымдардың өкілдерімен кездесті.
Петропавл қаласындағы «Алтын Арман» базарында өткен кездесуде тұрғындар жолдар мен аулалардың жағдайы, шағын бизнесті қолдау, медициналық көмектің қолжетімділігі, әлеуметтік қолдау, қала инфрақұрылымы мен абаттандыру мәселелерін көтерді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, кездесуге жүзге жуық адам қатысты.
«Біз үшін партияның бағдарламасын таныстыру ғана емес, өз пікірін білдіруге дайын әрбір азаматтың ойын тыңдау да маңызды. Осындай кездесулер арқылы бүгінгі күні халық үшін ең өзекті мәселелердің қандай екенін тереңірек түсінеміз», – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Айымгүл Әбілева.
Семей қаласында өткен кездесуде партия өкілдері мен кәсіподақ ұйымдарының мүшелері еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелерін талқылады. Кәсіподақ өкілдері қызметкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
«Кәсіподақтың миссиясы тек туындаған мәселені шешумен шектелмеуі керек. Оның басты рөлі – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікке негізделген еңбек мәдениетін қалыптастыру», – деді Айрат Базенов.
Өскеменде партия өкілдері «Біріккен ЭнергоСервистік Компаниясы» АҚ ұжымымен кездесті. Басқосуда энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және саланы дамыту мәселелері сөз болды. Компанияда үш мыңнан астам адам еңбек етеді.
«Біздің міндетіміз – еліміздің энергетика қауіпсіздігіне сеп болу, дәстүрлі энергетиканың бәсекедегі артықшылықтарын сақтап қалу, заманауи генерация көздерін дамыту», – деді Жанат Мекеева.
Түркістан облысының Созақ ауданында өткен кездесуде тұрғындар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыз су, жолдардың сапасы, жайылым және суармалы жерлер, жастарды жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, шағын кәсіпкерлікті қолдау, экологиялық қауіпсіздік және уран өндірісінің әсері мәселелерін көтерді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, кездесуге 500-ге жуық тұрғын қатысты. Кандидаттар көтерілген сауалдарға жауап беріп, өңірдің даму бағыттары бойынша пікір алмасты.