Елімізде шикізаттық емес тауарлардың экспорты 12 пайызға артты

Автор: Аягөз Құрмаш

Ішкі нарықтағы сұраныс толық қамтылған

Фото: видеодан скриншот

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев үкімет отырысында ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол бүгінгі таңда Қазақстан көптеген базалық өнімдер бойынша ішкі сұранысты толық қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр және қой еті бойынша 100% қамтылған», - деді ол.

Ал бес айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспорты 12%-ға өсіп, 10 млрд доллардан асты.

«Азық-түлікке жатпайтын секторға келсек, бес айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспорты 12%-ға өсіп, 10 млрд доллардан асты. Ал импорт көлемі 4,4%-ға өсті», - деді Арман Шаққалиев.

Қазақстанның ішкі нарығы отандық өндірушілер үшін сұраныстың басты көзі болып қала беретіні атап өтілді.