Ақмола облысында бір түнде жүздеген гектар жер өртеніп кетті

Автор: Асқарова Қарлығаш

Оқиғадан зардап шеккендер жоқ

Фото: © freepik.com

Ақмола облысының Ерейментау ауданында болған табиғи өрт толық сөндірілді. Өрт Қойтас ауылдық округіндегі Жарсор көлі маңында шығып, 200 гектар аумақты шарпыған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қызыл жалын құрғақ шөпті шарпыған. Өртті сөндіруге құтқарушылармен бірге Өлеңті ауылының авариялық жасағы, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы қызметкерлері жұмылдырылды. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Айта кетейік, соңғы күндері Ақмола облысының бірнеше ауданында құрғақ шөптен өрт шыққан. Целиноград, Зеренді, Бурабай, Қорғалжын, Ерейментау, Астрахан және Біржан сал аудандарында тіркелген өрттердің жалпы 62 гектар аумағы сөндірілген.