Ол әлеуметтік желіде осы жағдаймен бөлісті
Желіде eGov жеке кабинетіне кіру кезіндегі қауіпсіздік күмән тудырды. Threads әлеуметтік желісінде Шерхан Қайратұлы электронды үкіметте өзінің жеке кабинетінің орнына басқа біреудікіне кіргенін айтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен QR арқылы eGov Mobile кабинетіне кірдм. Бірақ маған Балхан Асқар деген адамның жеке кабинетін ұсынып тұр. Қызмет көрсету тарихына кірсем, мүлдем басқа қызметтер тұр. Медициналық қызмет көрету, тағы бір қызметті төлеу және банкте несие алудан бас тарту сынды қызметтер тұр. Мен мұндай қызметтерді алмадым. Соңында бұл өзге адамның аккаунты болып шықты. Бұл қалай сонда? Қауіпсіздік с-шаралары құрдымға кетіпті», - дейді Шерхан Қайратұлы.
Оның мәлімдемесіне Электронды үкімет жауап берген.
«eGov.kz байланыста. Тікелей хабарламаларда сізбен байланысқа шығып, ақпаратты тексеру үшін мамандарға жолдадық. Тексеру нәтижелері бойынша міндетті түрде кері байланыс береміз», - деп хабарлады электронды үкімет.
Көп қолданушы мұндай жағдай бірінші рет емес екенін жарыса жазған.
«Мәссаған, мынау ұят қой. Менде де сондай жағдай болған, қорқып кетіп бірден шығып кеттім, кейін қайталанбады. Күйеуім екеумізге мүлдем бөтен біреудің балалары тіркеліп тұрды. «Охо, көпбалалы болып кеттік қой» деп күліп отырдық», - деп жазды олар.