SCAT әуе компаниясының Медина – Алматы рейсі Оман еліне шұғыл қонуға мәжбүр болды

Автор: Асыл Арман

Әуе кемесінің командирі Омандағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдаған

Фото: Scat компаниясының баспасөз қызметі

SCAT әуе компаниясының Медина (Сауд Арабиясы) – Алматы бағыты бойынша ұшқан рейсі жолаушылардың бірінің денсаулығы күрт нашарлауына байланысты Оман астанасы Маскат қаласына шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Куәгерлердің айтуынша, ұшу барысында жолаушылардың бірінің жағдайы нашарлаған. Ұшақ қонғаннан кейін ол дәрігерлерге тапсырылып, ауруханаға жеткізілген. Қалған жолаушылар қажетті рәсімдер аяқталған соң Алматыға қарай сапарын жалғастырған.

Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, жолаушыға бортта алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Алайда оған әрі қарай медициналық көмек қажет болғандықтан, әуе кемесінің командирі Омандағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдаған.

Ұшақ жерге қонғаннан кейін жолаушы медициналық қызмет мамандарына тапсырылды. Компания қауіпсіздік, сондай-ақ жолаушылардың өмірі мен денсаулығы әуе тасымалдаушы үшін әрдайым басты басымдық болып қала беретінін атап өтті.