Партия өкілдері азаматтарды алаяқтардан қорғаудың тиімді тетіктерін ұсынды
ЖСДП-ның сайлауалды науқаны аясында «Азаматтарды кибералаяқтықтан қорғау: кандидаттар мен сайлаушылар диалогы» атты кездесу өтті. Жиынға Құрылтай депутаттығына үміткерлер Аслан Құлмағамбетов, Ажар Сағандықова, Нұрлан Әубәкіров, сондай-ақ заңгерлер, қоғам белсенділері және интернет алаяқтығынан зардап шеккен азаматтар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде кибералаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдері, алаяқтардың құрбаны болған азаматтардың құқықтарын қорғау, заңнаманы жетілдіру және халықтың цифрлық әрі қаржылық сауатын арттыру мәселелері сөз болды.
Жиында Қарағанды облыстық ЖСДП филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Әубәкіровтің осы бағытта атқарған жұмыстары таныстырылды. Партияның мәліметінше, оның бастамасымен мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен екінші деңгейлі банктердің қатысуымен бірқатар кездесулер ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде кибералаяқтар заңсыз рәсімдеген несие міндеттемелері 273 азамат үшін жойылған.
Жиын соңында қатысушылар кибералаяқтықпен күресте заңнаманы жетілдірумен қатар, азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтіп, цифрлық сауаттылықты арттыруға басымдық беру қажет деген ортақ пікірге келді.