Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен төрт есеге көп, дейді мамандар
Қазақстанда биыл соңғы айларда аптап ыстықтың салдарынан 26 адам қайтыс болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен төрт есеге көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BES.media басылымына сілтеме жасап.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының бас маманы Зәуре Нұритдинованың айтуынша, өткен жылы ыстықтан жеті адам көз жұмса, биыл бұл көрсеткіш 26-ға жеткен.
Маманның сөзінше, аптап ыстыққа ең осал топ – қарттар, диспансерлік есепте тұрған науқастар, созылмалы ауруы бар ерте жастағы балалар, жүкті әйелдер және созылмалы дертке шалдыққан азаматтар. Сондай-ақ ашық аспан астында еңбек ететін құрылысшылар мен басқа да жұмысшылар ыстық күндері дәрігер көмегіне жиі жүгінеді.
Зәуре Нұритдинова соңғы айларда жедел жәрдемге жүгінген 30 мың адамның 2700-іне күн өту, ағзаның қызып кетуі мен сусыздану белгілеріне байланысты медициналық көмек көрсетілгенін айтты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Ал аптап ыстық салдарынан 200-ге жуық адам ауруханаға жатқызылған.
Бұдан бөлек, Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі және жасыл энергетика жөніндегі жобалық кеңсе аптап ыстықтың денсаулыққа кері әсері күшейіп келе жатқанын мәлімдеді. Ұйым дерегінше, Орталық Азиядағы ауа температурасы әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жылдам өсіп жатыр.
Соның салдарынан Қазақстанда биыл маусым айында артериялық гипертония бойынша шұғыл медициналық көмек көрсету жағдайлары 2025 жылдың маусымымен салыстырғанда 26 пайызға көбейген.