Үш баласы бар ерлі-зайыпты Шымкентке 2 кг мефедрон жеткізбек болған

Автор: Асыл Арман

Олар Шымкентке Алматыдан жеткізбек болған

Фото: Видеодан скрин

Шымкентте полиция синтетикалық есірткінің ірі партиясын өңірлерге жеткізбек болған ерлі-зайыптыны ұстады. Қарағанды тұрғындарының көлігінен жалпы салмағы екі келіге жуық мефедрон тәркіленіп, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды қаласының 48 жастағы тұрғыны мен оның 37 жастағы жұбайы жеке автокөлікпен синтетикалық есірткінің ірі партияларын Алматыдан Шымкент қаласына жеткізіп, оларды еліміздің оңтүстік өңірлерінде одан әрі таратуды көздеген.

Автокөлікті тексеру кезінде жүксалғыштан жалпы салмағы екі келіге жуық мефедрон салынған, герметикалық түрде қапталған төрт орама табылды. Ұсталғандардың телефондарын тексеру барысында интернет-есірткі дүкенінің кураторымен жазысқан хат-хабарлары анықталды. Сол арқылы олар есірткіні тасымалдауға қатысты тапсырмалар алып отырған.

Сондай-ақ жасалған есірткі қылмыстары үшін криптовалюта арқылы төленген сыйақылар туралы мәліметтер табылды. Қамқорлығында кәмелетке толмаған үш баласының болуына қарамастан ерлі-зайыпты заңсыз табыс табу жолын саналы түрде таңдаған.

Жауап алу барысында ұсталғандар кінәларын толық мойындады. Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның каннабис тобына жататын есірткі заттарын пайдаланғаны расталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.