Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, кей жерлерде аптап ыстық сақталады
«Қазгидромет» мамандары 2026 жылғы 3 тамызда Қазақстан өңірлерінде күтілетін ауа райы болжамын жариялады. Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, кей жерлерде аптап ыстық сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамынша, дүйсенбі күні еліміздің басым бөлігінде өткінші жаңбыр жауып, күн күркірейді. Солтүстік-батыс пен солтүстік өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. Ал батыс және оңтүстік өңірде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде жел күшейіп, шаңды дауыл соғады. Сонымен қатар бірқатар өңірде аптап ыстық бәсеңдемейді. Алматы облысының оңтүстігі мен Абай облысында ауа температурасы +40…+42°C-қа дейін көтеріліп, өте қатты ыстық күтіледі.
Сондай-ақ +35...+39°C деңгейіндегі сипаттағы аптап Атырау, Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Абай және Ұлытау облысының оңтүстігінде сақталады. Жамбыл облысында ауа температурасы +38°C-қа, ал Түркістан облысында +40°C-қа дейін көтеріледі.
Ауа температурасының жоғарылауына байланысты еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупі сақталады. Синоптиктердің мәліметінше, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Түркістан, Қарағанды, Абай және Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында жоғары өрт қаупі болжанады. Ал Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарының кей жерлерінде төтенше өрт қаупі жарияланды.