Өрт ошақтары дер кезінде анықталып, олардың барлығы толықтай сөндірілді
Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында бір тәуліктің ішінде жеті орман өрті тіркелді. Өрт ошақтары Ақмола және Қостанай облыстарында, сондай-ақ Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының аумағында анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Экология министрлігіне сілтеме жасап.
Ең күрделі жағдай Ақмола облысында тіркеліп, мұнда үш орман өрті шыққан. Қостанай облысында екі, ал Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында бір өрт ошағы анықталған.
Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМК-ның әуе патрульдеу жұмыстары мен мемлекеттік орман күзетінің жерүсті мониторингі барысында дер кезінде анықталған. Соның арқасында тілсіз жаудың кең аумаққа таралуына жол берілмеді.
Өртті сөндіруге орман шаруашылығының күштері мен техникасы, «Қазавиаорманқорғау» бөлімшелері және қажетті өрт сөндіру құралдары жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жеті өрттің де толық сөндірілгені хабарланды.
Экология министрлігі өрт қаупі жоғары кезеңде табиғат аясында отты абайсыз пайдалану ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске салды. Осыған байланысты азаматтарды орман алқаптарына барған кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.