+40 градустан асатын ыстық: 2 тамызға арналған дауылды ескерту жарияланды

Автор: Алмас Ерсін

Көптеген өңірде ауа райы күрт құбылып, өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады

Фото: © istockphoto.com

Синоптиктердің болжамынша, 2 тамызда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы +42 градусқа дейін көтеріліп, найзағай, бұршақ, екпінді жел, шаңды дауыл соғады. Сонымен қатар көптеген өңірде өрт қаупінің жоғары және төтенше деңгейі сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Астанада 2 тамызда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ жаууы мүмкін.

Алматыда күндіз аптап ыстық 36-38 градусқа дейін жетеді. Қалада төтенше өрт қаупі сақталады.

Шымкентте де төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысында күндіз таулы аудандарда өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Күндіз ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың солтүстігінде, батысында және оңтүстігінде төтенше өрт қаупі, шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Ақмола облысында түнде солтүстік, оңтүстік және шығыс аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында тұман түсуі мүмкін. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Облыстың батысында төтенше, оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Көкшетауда күндіз жаңбыр мен найзағай болады.

Абай облысында күндіз облыстың батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с болады. Облыс бойынша ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі. Оңтүстігі мен орталығында жоғары, солтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Семейде күндіз жаңбыр, найзағай болып, ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Жоғары өрт қаупі сақталады.

Маңғыстау облысында таңертең және күндіз облыстың батысы мен орталығында аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-18 м/с-қа жетеді. Облыстың оңтүстігінде ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Батысы мен солтүстігінде жоғары, солтүстік-шығысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтауда жоғары өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысында күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Өскеменде күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін жетеді.

Атырау облысында түнде шығысында солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-18 м/с болады. Күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады. Атырау қаласында да төтенше өрт қаупі сақталады.

Ұлытау облысында солтүстігі мен шығысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыс және батыс желінің екпіні күндіз 15-20 м/с-қа жетеді. Ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Облыс бойынша жоғары өрт қаупі күтіледі, оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Жезқазғанда желдің екпіні 15 м/с-қа дейін жетіп, жоғары өрт қаупі сақталады.

Түркістан облысында күндіз батысы мен солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с болады. Ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтеріледі. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады, шығысында, солтүстік-шығысында және батысында жоғары өрт қаупі күтіледі. Түркістан қаласында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетіп, ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтеріліп, жоғары өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысында күндіз батысы мен солтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні 15 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі. Шығысы мен оңтүстігінде төтенше, батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қарағандыда күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ауа температурасы 35-36 градусқа дейін жетеді.

Ақтөбе облысында күндіз батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Батыс және солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Солтүстігінде жоғары, облыстың қалған бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтөбе қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түседі, дауылды жел соғып, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Жоғары өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысында батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде найзағай күтіледі. Күндіз солтүстігінде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, дауылды жел соғады. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с, оңтүстігінде кей уақытта 25 м/с-қа дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Павлодарда жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауылды жел болып, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді. Ауа температурасы 35-36 градусқа дейін көтеріледі.

Батыс Қазақстан облысында күндіз шығысында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні облыстың солтүстігі мен шығысында 15-20 м/с болады. Облыс бойынша жоғары өрт қаупі сақталады, батысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі күтіледі.

Қостанай облысында түнде солтүстік-батысында жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Батысында, шығысында және орталығында жоғары, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады. Қостанайда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін.

Жамбыл облысында күндіз таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Облыс бойынша ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Төтенше өрт қаупі сақталады, шығысы мен оңтүстігінде жоғары өрт қаупі күтіледі. Таразда ауа температурасы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, төтенше өрт қаупі сақталады.

Солтүстік Қазақстан облысында түнде батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз жаңбыр, найзағай, солтүстігі мен шығысында бұршақ және дауылды жел күтіледі. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с, кей уақытта 23 м/с-қа дейін жетеді. Облыстың оңтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Петропавлда жаңбыр жауып, найзағай ойнап, күндіз бұршақ түсіп, дауылды жел соғады. Желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетеді.

Қызылорда облысында күндіз облыстың орталығында шаңды дауыл күтіледі. Солтүстік-батыс және батыс желінің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Облыс бойынша ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Төтенше өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында күндіз ауа температурасы 40 градусқа дейін жетіп, төтенше өрт қаупі сақталады.