Дін өкілдері қоғамдағы әдептілікті насихаттауда Мемлекет басшысының бастамаларын қолдады

Автор: Дәулет Ботагөз

Қазақстанда қоғамдық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мәселесі діни ортада кеңінен насихатталуда

Фото: ҚМДБ

Қазақстанда қоғамдық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мәселесі діни ортада кеңінен насихатталуда. Ел имамдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білімді әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру жөніндегі басты ұстанымдарын қолдап, әдептілік пен ілім алудың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy el.kz-ке сілтеме жасап. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қоғамдық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мәселесіне айрықша назар аударып келеді. Мемлекет басшысы жастарды білім алуға, кітап оқуға, дүниетанымын кеңейтуге, заман талабына сай бәсекеге қабілетті болуға үнемі шақырады. Президенттің айтуынша, елдің ертеңі – білімді әрі тәрбиелі ұрпақтың қолында. Бұл ұстаным қоғамның рухани дамуына бағытталған маңызды қағидалардың біріне айналды.

Мемлекет көтеріп отырған осы құндылықтарды діни қауым да қолдап, жұртшылық арасында әдептілік, білім және жауапкершілік тақырыптарын тұрақты түрде насихаттап келеді.

Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Жұмабай Қуандықұлы мұсылманның сәлемдесу әдебі шариғатта нақты көрсетілгенін атап өтті.

«Екі ер адам бір-бірімен кездескен кезде қол алысып амандасса жеткілікті. Алыс сапардан немесе көптен бері бір-бірін көрмеген адамдар болса, төс қағысып амандасуына рұқсат етіледі. Ал екі ер кісінің сүйісіп амандасуы немесе соған ұқсас артық әрекеттер – біздің дінімізде де, дәстүрімізде де құпталмайтын дүние», - деді ол. 

Имамның айтуынша, қарапайым амандасудың өзі адамның тәрбиесі мен мәдениетін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Дін де, қазақы салт-дәстүр де қарапайымдылық пен ұстамдылықты жоғары қояды.

Ал «Бір мұнаралы тас» мешітінің наиб имамы Абдулла Ержанұлы кез келген жетістік білімнен басталатынын ерекше атап өтті.

«Тәуекел жасау үшін мұсылман адамға ең алдымен білім керек. Құран Кәрімде түскен алғашқы әмір – «Оқы!». Демек, білім алу қандай да бір амалдан бұрын тұрады. Болашағымыз баянды болсын десек, өсіп келе жатқан ұрпақты ең алдымен білімді етіп тәрбиелеуіміз қажет», - деді Абдулла Ержанұлы. 

Оның айтуынша, білім мен әдеп - бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Нағыз білім адамды ізгілікке, жауапкершілікке және қоғам алдындағы міндетін дұрыс түсінуге жетелейді.

Осы ойды Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев те жалғастырады.

«Ең алғашқы аят – «Оқы!». Ілім-ғылыммен басталады. Қазақта «Білімді адам мыңды жығады, білекті адам бірді жығады» деген сөз бар. Ілім алу – инемен құдық қазғандай, ал сол ілімге амал жасау – кірпікпен құдық қазғандай. Білімнің шамшырағы ешқашан сөнбеуі керек. Егер жастарымыз білімді болса, қоғамда сауатты адамдар алға шығады», - дейді Амантай Садиев. 

Бас имам білімнің адамды тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да кемелдендіретінін атап өтті.

Ал «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Нұрсұлтан Уәлиұлы мұсылман мәдениетіндегі сәлемдесудің маңызына тоқталды.

«Шариғатымызда екі мұсылман кездескен кезде қол алысып, «Ассалаумағалейкум», «Уағалейкүмәссалам» деп амандасады. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Екі мұсылман кездесіп, қол алысса, қолдары ажырағанға дейін Алла Тағала олардың күнәларын кешіреді» делінген. Ал құшақтасып немесе сүйіп амандасуға қатысты сұрақ қойылғанда, Пайғамбарымыз «Жоқ» деп, тек қол алысып амандасуды құптаған», - деді ол. 

Бұл насихаттардың барлығы бір ғана мақсатқа бағытталған. Ол – қоғамда тәртіпті, мәдениетті, білімді әрі жауапты азамат қалыптастыру. Сәлемдесу әдебінен бастап, білімге ұмтылуға дейінгі құндылықтардың барлығы қоғамдық келісімді нығайтып, адамдар арасындағы сыйластықты арттырады.

Қазақ халқы ежелден тәрбиені бірінші орынға қойған. «Әдепті елдің баласы алыстан сәлем береді», «Тәрбие – тал бесіктен» деген нақылдар да осының дәлелі. Бүгінде бұл қағидалар мемлекеттік саясатпен де, діни насихатпен де үндесіп отыр.

Жастардың білімге ұмтылуы, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуі, қоғамдық орындардағы мәдениетті мінез-құлқы – өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі. Сондықтан әдеп пен білімді қатар дәріптеу – елдің болашағына салынған ең маңызды инвестициялардың бірі болмақ.