Шардарада 31 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтитын су құбыры іске қосылды

Автор: Асыл Арман

Қанат Бозымбаев Шардарадағы топтық су құбырының ашылуына қатысты

Фото: Үкімет

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шардарада 31 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз ететін топтық су құбыры пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында «Тама-Тастанбек» топтық су құбырын пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің қолдауының арқасында әзірленген бұл жоба екі жыл ішінде жүзеге асырылды.

Іс-шараға сондай-ақ су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

«Жоба Шардара қаласының 31 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп, қаланы Шардара су қоймасына тәуелділіктен арылтады. Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында жалпы ұзындығы 39,3 шақырымды құрайтын екі магистральдық су құбыры тартылып, таза суға арналған төрт резервуар мен су тазарту қондырғысы салынды. Сондай-ақ бірінші және екінші көтергіш сорғы стансалары бой көтерді. Бұдан бөлек, тереңдігі 110 метр болатын 14 ұңғыма бұрғыланып, 133 құдық камерасы орнатылды», – делінген Үкімет хабарламасында.