Ержүрек полицейдің ерлігі туралы құтқарылған отбасының көршісі хабарлады
Қарағандыда еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері өртке оранған пәтерден бес баланы құтқарып, қайғылы оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға бүгін қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болды. Үйіне қайтып келе жатқан Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Дінмұхамет Сұлтан сегізінші қабаттағы пәтердің терезесінен шыққан қою түтінді байқаған.
Жағдайдың аса қауіпті екенін бірден түсінген тәртіп сақшысы еш ойланбастан оқиға орнына қарай жүгірді. Қауіпке қарамастан жоғары қабатқа көтерілген ол қою түтінге толған пәтерге кіріп, ішінде қалып қойған бес баланы тапты. Полицейдің батыл әрекеті мен кәсібилігінің арқасында балалар қысқа уақыт ішінде қауіпсіз жерге шығарылды.
«Балалардың өміріне еш қауіп жоқ екеніне көз жеткізген соң Дінмұхамет Сұлтан қайтадан жалын шарпыған пәтерге оралды. Алдымен электр қуатын ажыратып, өрттің одан әрі өршуіне себеп болуы мүмкін қысқа тұйықталудың алдын алды. Кейін екі бейжай қарамаған тұрғынмен бірге өрт сөндірушілер келгенге дейін асүйдегі өрт ошағын сөндіруге кірісті. Полицейдің дер кезінде жасаған шешуші әрекеттерінің арқасында адам шығынына әкелуі мүмкін қайғылы жағдайдың және ірі өрттің жолы кесілді», – делінген ІІМ хабарламасында.
Дінмұхамет Сұлтанның бұл ерлігі оның қызметтік міндетін атқару кезінде емес, кезекті еңбек демалысында жүрген сәтінде болды. Соған қарамастан ол полиция қызметкеріне тән кәсібилік пен азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Ержүрек полицейдің ерлігі туралы құтқарылған отбасының көршісі хабарлап, балалардың өмірін сақтап қалғаны үшін шынайы алғысын білдірді.