«Ауыл» партиясы: Жас мамандарды баспанамен қамту тетіктерін күшейту қажет

Автор: Асқарова Қарлығаш

Партия өкілдері Қостанай облысындағы «Александровское» ЖШС-нің еңбек ұжымымен жүздесті

Фото: скриншот

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов пен  Құрылтай депутаттығына кандидаттар Валерий Киян, Светлана Абдуразакова, Андрей Разинков, Андрей Байкин, Андрей Двуреченский және Александр Исмаилов Қостанай облысындағы «Александровское» ЖШС-нің еңбек ұжымымен жүздесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері сөз болды. Қайрат Айтуғанов ауыл еңбеккерлерінің ел экономикасындағы орны ерекше екенін айтып, еңбек адамының мәртебесін көтеру мен ауыл тұрғындарын қолдау партияның негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Партия төрағасы көп жылдан бері аграрлық салада еңбек етіп келе жатқан «Александровское» ЖШС директоры, Құрылтай депутаттығына кандидат Андрей Двуреченскийдің тәжірибесіне де тоқталды.

Өз кезегінде Андрей Двуреченский ауыл кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған нақты тетіктерге назар аударды. Оның айтуынша, партия бастамаларының нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін жылдық 6 пайыздық жеңілдетілген несие беру мүмкіндігі кеңейіп, несие кепілдігінің 85 пайызын мемлекет өз мойнына алған. Сондай-ақ ол ауылдық жерлерге баратын жас мамандарды қолдау шараларын күшейтіп, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдірудің маңызын атап өтті.

Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ауылды дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Жиынды қорытындылаған Қайрат Айтуғанов өңірлердің әлеуетін күшейтпей елдің тұрақты дамуына қол жеткізу мүмкін еместігін айтты.