Бақтың негізін қалаған – «Ауыл» партиясының белсенді мүшесі Қожық Жәнібек
«Ауыл» партиясынан ҚР Құрылтай депутаттығына кандидаттар Оңды ауылындағы қарқынды бау-бақша жобасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын, толық қоршалған бақта бүгінде 8 мың түп жеміс ағашы жайқалып өсіп тұр. Бұл – туған жердің табиғатын түлетуге, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға және өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған нақты жобалардың бірі.
Бақтың негізін қалаған – «Ауыл» партиясының белсенді мүшесі Қожық Жәнібек Сүйеуұлы. Оның бастамасымен жүзеге асқан жоба өндірістік кәсіпорындардың демеушілігімен және аудан әкімдігі арқылы жергілікті бюджет есебінен қолдау тапқан. Мұнда ағаштар жер астынан тартылған ұңғымалардың суымен қамтамасыз етіліп, заманауи тамшылатып суару технологиясы қолданылып келеді. Бұл тәсіл су ресурстарын үнемдеп қана қоймай, жеміс ағаштарының тұрақты өсіп-жетілуіне мүмкіндік беріп отыр.
Сапар барысында кандидаттарға бақтың қалыптасу кезеңдері, бүгінге дейін атқарылған жұмыстар мен алдағы даму жоспары таныстырылды. Жоба аясында алдағы уақытта бақ аумағын кеңейтіп, жеміс ағаштарының санын 100 мың түпке дейін жеткізу көзделген. Сонымен қатар жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, бау-бақша өнімдерін кластерлік негізде дамыту, өңдеу цехтары мен жылыжай кешендерін іске қосу жоспарланып отыр.
Кандидаттар мұндай жобалар ауыл экономикасын дамытуға, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және агроөнеркәсіп саласына жаңа серпін беруге ықпал ететінін атап өтті.