Төрт теміржолшының қазасы: Шу ауданында пойыз диспетчері сотталды

Автор: Асыл Арман

Шу аудандық соты теміржолда төрт қызметкердің қаза болу оқиғасы бойынша үкім шығарды

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысындағы Шу аудандық соты 2025 жылдың желтоқсанында төрт теміржол қызметкері қаза тапқан қайғылы оқиғаға қатысты үкім шығарды. Қауіпсіздік талаптарын бұзуға жол берген үш қызметкер түрлі жазаға тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 10 желтоқсанда «Шешенқара – Қаражыңғыл» аралығында болды. Онда жүк пойызы теміржол сүйемелін жөндеумен айналысып жатқан бригаданы басып кеткен.

Прокуратураның мәліметінше, жұмыс аралықты жаппай және қажетті қауіпсіздік шараларын сақтамай жүргізілген. Пойыз машинисіне жолда адамдардың жүргені туралы уақытылы ескертілмеген.

Салдарынан төрт қызметкер қаза тауып, тағы екі адам жарақат алды.

«Соттың 2026 жылғы 9 шілдедегі үкімімен пойыз диспетчері 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сарышаған жол дистанциясының екі қызметкері 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Бұдан бөлек, үшеуіне де теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Іс бойынша мемлекеттік айыптауды транспорттық прокуратура қолдады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.