«Әділет» партиясының өкілдері Ұзынкөл ауданының тұрғындарымен кездесті

Автор: Асыл Арман

Ұзынкөлде жол, ауызсу және интернет мәселесі көтерілді

Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының үгіт керуені еліміздің өңірлеріндегі жұмысын жалғастыруда. Бұл жолы Республикалық сайлауалды штабтың өкілдері, партия ұсынған кандидаттар Дмитрий Павленко мен Наталья Рамазанова, сондай-ақ Қостанай облыстық сайлауалды штабының мүшелері Ренат Дәулетпаев пен Алмат Досмұхамедов Ұзынкөл ауданына барып, аудан тұрғындарымен, қоғам белсенділерімен, кәсіпкерлермен және ауыл еңбеккерлерімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әділет» партиясы үшін азаматтармен ашық әрі мазмұнды диалог -сайлауалды науқанның ғана емес, жалпы партия қызметінің басты қағидаттарының бірі. Партияның ұстанымы бойынша, мемлекеттік саясат ең алдымен халықтың нақты сұранысына негізделіп, әрбір шешім азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс.

Кездесу барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл кәсіпкерлігін қолдау, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау мен білім беру қызметтерінің қолжетімділігі, жаңа жұмыс орындарын ашу, жастарды ауылда тұрақтандыру және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері кеңінен талқыланды.

Партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға, кәсіпкерлікті қолдауға, еңбек адамының мәртебесін көтеруге және азаматтардың мүддесіне қызмет ететін тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған негізгі басымдықтарына ерекше тоқталды.

«Әділетті мемлекет – ең алдымен адамға деген құрметтен басталады. Сондықтан «Әділет» партиясы өңірлерді жан-жақты дамытуға, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға, сапалы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және әрбір азаматқа тең мүмкіндік жасауға басымдық береді. Халықтың ұсынысы мен пікірі - біздің бағдарламамызды жүзеге асырудағы басты бағдар», – деп атап өтті Республикалық сайлауалды штабтың өкілдері.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Тұрғындар елді мекендерді газдандыру, аудандық және ауылішілік жолдарды жөндеу, сондай-ақ сапалы ұялы байланыс пен интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Барлық көтерілген мәселелер партияның алдағы жұмысында жан-жақты қаралатын болады.