TikTok-та боғауыз сөз айтқан: Түркістан облысының тұрғыны полицияның назарына ілікті (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оған 60 500 теңге көлемінде айыппұл салынды

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысының тұрғыны TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ішкі істер министрлігінің Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, құқық бұзушылықты полицейлер интернет кеңістігін мониторингтеу барысында анықтаған. Жарияланған бейнежазбада стримердің тікелей эфир кезінде өзін агрессивті ұстап, былапыт сөздер айтқаны көрінеді.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол – 39 жастағы жергілікті тұрғын.

Сот шешімімен әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 60 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Айта кетейік, осыған дейін іш киіммен эфирге шығып, боқтық сөздер айтқан қазақстандық 9 стример темір қапасқа қамалғаны хабарланған.