2026-2027 оқу жылындағы каникул кестесі жарияланды: оқушылар қашан демалады?

Автор: Алмас Ерсін

Жаңа оқу жылының басталу және аяқталу мерзімі, каникул күндері мен бітіру емтихандарының кестесі белгілі болды

Фото: © istockphoto.com

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ мектеп оқушыларының каникул күндері мен қорытынды аттестаттау уақытын белгіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бекітілген кестеге сәйкес, жаңа оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.

Оқушылар қашан демалады

Жаңа оқу жылында үш каникул кезеңі қарастырылған:

  • күзгі каникул – 2026 жылғы 26 қазаннан 1 қарашаға дейін, 7 күн;
  • қысқы каникул – 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін, 14 күн;
  • көктемгі каникул – 2027 жылғы 22-28 наурыз аралығы, 7 күн.

Бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында қосымша демалыс беріледі.

Министрліктің мәліметінше, оқу тоқсандарының ұзақтығы мынадай болады:

  • I тоқсан – 8 оқу аптасы;
  • II тоқсан – 8 оқу аптасы;
  • III тоқсан – 10 оқу аптасы;
  • IV тоқсан – 8 оқу аптасы.

Бітіру емтихандары қашан өтеді

9 (10)-сынып оқушыларының қорытынды аттестаттауы 2027 жылғы 31 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді.

Ал 11 (12)-сынып оқушыларына арналған мемлекеттік бітіру емтихандары 2027 жылғы 1-17 маусым аралығына жоспарланған.

Оқу-ағарту министрлігі әр пән бойынша бітіру емтихандарын өткізу кестесі тиісті бұйрықпен бекітілгенін хабарлады. Толық ақпарат ведомствоның ресми ақпараттық ресурстарында жарияланған.