Кездесу барысында еңбек ұжымы өндірістегі қазіргі ахуал мен саладағы түйткілді мәселелерді ортаға салды
«Ауыл» партиясынан ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидаттар Серік Егізбаев, Қажғалей Мұқатов және Алшын Жолдығали Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Жұмыс сапары аясында партия өкілдері Щапов ауылындағы «Жайық Ет» ЖШС ұжымымен жүздесті. Кәсіпорын құс және егін шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. Кездесу барысында еңбек ұжымы өндірістегі қазіргі ахуал мен саладағы түйткілді мәселелерді ортаға салды.
Сондай-ақ кандидаттар Янайкино ауылында орналасқан «KazMeat Ақжайық» ЖШС мал бордақылау алаңына барып, кәсіпорынның өндірістік қызметімен танысты. Мұнда ет өндірісінің көлемін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін күшейту мәселелері сөз болды.
Ашық пікір алмасу барысында партия өкілдері сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарына тоқталып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ауылдағы еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты бастамаларды таныстырды.
Кездесу соңында қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты пікір алмасты.