Respublica Павлодар жастарымен кездесті

Автор: Аягөз Құрмаш

Кездесу еркін әрі ашық форматта өтті

Фото: Respublica

Respublica партиясының республикалық сайлауалды штабы Павлодардағы жастармен кездесуді дәстүрлі форматтан тыс ұйымдастырды. Бұл жолы пікір алмасу конференц-залда емес, Ертіс өзенімен жүзген теплоходтың палубасында өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесуге партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Даурия Байқонова мен Тохтар Болысов, сондай-ақ Respublica Jastary жастар қауымдастығының белсенділері қатысты.

Әңгіме жастарды толғандыратын өзекті мәселелерге арналды: өңірде қалып, өз мүмкіндігін жүзеге асыру, кәсіп бастау, мансап құру және қоғамдық өмірге белсенді араласу.

Даурия Байқонова кәсіпкерлік жолындағы тәжірибесімен бөліссе, Тохтар Болысов партияның сайлауалды бағдарламасында жастарды қолдауға бағытталған бастамаларға тоқталды. Оның айтуынша, бағдарламада жас кәсіпкерлерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, білім беру мен креативті индустрияларды дамытуға арналған нақты тетіктер қарастырылған.

Кездесу еркін әрі ашық форматта өтті. Ресми мінберлер мен хаттамаға құрылған сөздер емес, жастардың ұсыныстары мен өзекті сұрақтарына негізделген шынайы диалог басты назарда болды.