Тұрғындар пластикті, қағаз бен картонды, әйнек пен металл қалдықтарын жеке-жеке өткізе алады
Шымкентте Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бастамасымен «Таза үй – таза ел» экологиялық жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоба аясында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылуда. Тұрғындар пластикті, қағаз бен картонды, әйнек пен металл қалдықтарын жеке-жеке өткізе алады. Кейін бұл шикізат қайта өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі.
Жобаның ерекшелігі – қайта өңдеуден түскен қаражат тұрғындардың жеке есепшотына емес, Мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) шотына аударылады. Жиналған қаржы аулаларды көгалдандыруға, сыртқы жарықтандыру жүйесін жаңартуға, балалар ойын алаңдарын жөндеуге және өзге де ортақ аумақтарды абаттандыруға жұмсалады.
«Таза үй – таза ел» жобасы алғаш рет 2026 жылғы 19 қаңтарда Астанада пилоттық режимде іске қосылған. Қазір бастама Шымкентте де кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Жоба қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға, қайта өңдеу көлемін арттыруға және тұрғын үй аулаларын қосымша қаржы есебінен көркейтуге бағытталған.