Қазақстанда мектептер ата-аналарды белгілі бір жерден форма алуға мәжбүрлей алмайды

Автор: Асқарова Қарлығаш

 Егер талаптардың бұзылғаны анықталса, жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданылмақ

Фото: istockphoto.com

Білім беру ұйымдары ата-аналардан мектеп формасын нақты бір өндірушіден, дүкеннен немесе тігін ательесінен сатып алуды талап етуге еш құқығы жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облысы білім басқармасының мәліметінше, мектеп формасына қойылатын талаптар салалық министрліктің бұйрығымен реттеледі. Мектептер оқушылардың сыртқы келбетіне қатысты бірыңғай стильді, түсті және жалпы талаптарды белгілей алады. Алайда ата-ананың мектеп формасын қай жерден сатып алатынын шектеуге заңмен тыйым салынған.

Ведомствоның хабарлауынша, мектеп формасына қатысты барлық шешім ашық қабылданып, оған ата-аналар қауымдастығының қатысуы және қолданыстағы заңнама талаптарына сай болуы тиіс. Білім басқармасы мұндай заңбұзушылықтарға қатысты шағымдар түссе, тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Егер талаптардың бұзылғаны анықталса, жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданылады.

Сондай-ақ, ата-аналардан мектеп формасын тек белгілі бір сатушыдан сатып алуды талап еткен жағдайлар болса, облыстық білім басқармасына немесе аудандық білім бөлімдеріне жүгінуге шақырды.