Ол ел өңірлері арасында ірі көлемде есірткі партияларын тасымалдаған
Қостанай қаласында өңіраралық бағытта есірткі тасымалдаған интернет-есірткі дүкенінің 25 жастағы курьері ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол ел өңірлері арасында ірі көлемдегі есірткі партияларын тасымалдап, оларды кейіннен жасырып тарату үшін жеткізіп отырған.
Қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында есірткі заттары вакуумдық қаптамаларға салынып, құрғақ сүт қаптамаларының ішіне мұқият жасырылған. Бұл тәсіл оларды тасымалдау кезінде күдік туғызбауға және анықтауды қиындатуға бағытталған.
Күдіктіні ұстау барысында заңсыз айналымнан жалпы салмағы 1,5 келіден асатын есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде меткатинон психотроптық заты мен кептірілген марихуана болған.
Сараптамалық есеп бойынша тәркіленген есірткі көлемі 10 мыңнан астам бір реттік дозаға тең, осылайша олардың ықтимал тұтынушыларға жетуіне жол берілмеді.