Жетісу облысында мыңдаған гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды

Автор: Асыл Арман

Көксу ауданының прокуратурасы биыл мемлекетке 200 гектар құнарлы жерді қайтарды

Фото: depositphotos.com

Жетісу облысында құны 229 млн теңгеден асатын пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, қадағалау қызметі барысында Көксу ауданының прокуратурасы биыл мемлекетке 200 гектар құнарлы жерді қайтарды. Ұзақ уақыт бойы мақсатты түрде игерілмей жатқан аталған жер учаскелерінің кадастрлық құны 229 миллион теңгеден асады.

Сонымен қатар, аудан прокурорлары жер заңнамасы талаптарын бұза отырып пайдаланылмай жатқан 7 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтады. Оларды мәжбүрлеп алып қою және мемлекеттік жер қорына қайтару үшін уәкілетті органға прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.

«Қайтарылған барлық жер учаскелері конкурс негізінде бөлінетін болады. Бұл жергілікті тұрғындар мен адал кәсіпкерлерге мал шаруашылығын, егін шаруашылығын дамыту және Көксу ауданының экономикасын нығайту үшін жер ресурстарына заңды түрде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жер ресурстарын ұтымды пайдалану және оларды бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі Жетісу облысы прокуратурасымен бақылауында. Пайдаланылмай жатқан жерлерді заңды экономикалық айналымға енгізу жұмысы өңірдің барлық аудандарында жалғасып жатыр», – делінген прокуратураның хабарламасында.