«Күйеуім өлім аузынан қалды»: Астана тұрғыны жедел жәрдем бригадасының салғырттығына шағымданды

Автор: Аягөз Құрмаш

Медицина қызметкерлері оны жансақтау бөліміне жатқызуы керек еді

Фото: istockphoto.com

Астанада қант диабетінің ауыр түріне шалдыққан азаматқа жедел жәрдем дәрігерлері тиісті көмек көрсетпей, ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Пациенттің жұбайы Әйгерім әлеуметтік желіде оқиғаның мән-жайын айтып, жедел жәрдем бригадасының үстінен шағым түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, оқиға 2026 жылдың 27 шілдесінде болған. Қант диабетімен ауыратын жұбайының денсаулығы кенеттен нашарлап, ауыр дәрежедегі диабетикалық кетоацидоз белгілері байқалған.

«Жұбайымда қатты ентігу, құсу, денедегі кенеттен пайда болған әлсіздік және қан қысымының көтерілуі тіркелді. Сараптама несептегі кетондар деңгейінің шекті көрсеткіштен асқанын көрсетті. Кез келген медицина маманы мұндай жағдайда пациентті шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызып, тамырға инсулин мен тамшылатқыш салу керегін біледі. Себебі диабетикалық комаға дейін санаулы сағаттар ғана қалатын еді», – дейді қала тұрғыны.

Алайда шақыру бойынша жеткен №84 жедел жәрдем бригадасы өмірге қауіп төндіретін бұл симптомдарға қарамастан, пациентті ауруханаға апарудан бас тартқан.

Дәрігерлер бұл жағдайды «Джардинс» пен «Тражента» препараттарының жанама әсері деп түсіндіріп, «шыдау керек» деген кеңес берген. Жүрек соғысының қалыпты екенін айтып, пациентті үйде қалдырып кеткен.

Жағдайдың ушығып бара жатқанын түсінген туыстары оны өз күштерімен жекеменшік клиникаға жеткізген. Ондағы дәрігерлер пациенттің халін көре сала, оны бірден жансақтау бөліміне жатқызған.

Қазіргі таңда Астана тұрғыны бұл оқиға бойынша e-Otinish мемлекеттік порталы арқылы ресми шағым жолдады. Ол денсаулық сақтау министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінен бекітілген шұғыл көмек көрсету хаттамаларының неліктен бұзылғанын анықтап, аталған істі жеке бақылауға алуды талап етіп отыр.

Ал редакция бұл мәселеге қатысты Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасына сұрау жолдады.