Алатау қаласында полицейлер күйік алғанына қарамастан, өртеніп жатқан үйден адамдарды құтқарып қалды

Автор: Асыл Арман

Полиция қызметкерлері оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетті

Фото: Polisia.kz

Алатау қаласында патрульдік полиция қызметкерлері өртеніп жатқан тұрғын үйден адамдарды құтқарып, өздері күйік алғанына қарамастан өртті сөндіруге атсалысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алатау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері өрт кезінде адамдарды құтқару барысында батылдық пен жанқиярлық танытты.

Қызмет атқару кезінде патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция майоры Б.Б. Үмбетәлиев пен полиция сержанты Н.Б. Бақберген Ынтымақ шағынауданының көшелерінің бірінде орналасқан тұрғын үйден шыққан өртті байқайды.

Уақыт оздырмай, полиция қызметкерлері оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетіп, адамдарды құтқаруға кірісті. Олар өз өмірлерін қатерге тіге отырып, үй ішінде болған азаматтарды қауіпсіз жерге эвакуациялап, жалынның одан әрі таралуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдады.

«Денелерінің күйік алғанына қарамастан, полицейлер өрт сөндіру қызметі келгенге дейін өртті сөндіруге белсенді түрде атсалысты. Полиция қызметкерлерінің батыл әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында адам өмірі сақталып, оқиғаның ауыр зардаптарының алдын алу мүмкін болды. Облыстық полиция департаментінің басшылығы қызметтік борышына адалдық танытып, батылдық пен жоғары кәсібилік көрсеткен полиция қызметкерлеріне алғысын білдіреді», – делінген облыстық ПД хабарламасында.